Полиция капитаны - көкпар чемпионы

Полиция капитаны - көкпар чемпионы

Полиция капитаны Бекнұр Таңатаровтың ерекше хоббиі бар. Ол - көкпар тарту. Бекнұр - тәртіп сақшысы ғана емес, кәсіби көкпаршы.
Жастайынан ат жалын тартып мінген ауыл баласының жылқыға деген қызығушылығы әрдайым жоғары болған. Осыдан он жыл бұрын Ақтөбе полициясына жұмысқа кірген Бекнұр Таңатаров әрбір жұмыс күнінен кейін жылқымен серуендеуді әдетке айналдырған.
Спорттық даярлыққа ерекше көңіл бөлінетін полициядағы қызмет пен жылқыға деген сүйіспеншілік кейін сақшы жігітті көкпар спортына әкелген.
Бүгінде Бекнұр Таңатаров Ақтөбедегі «Әлім ата» көкпар командасының белді мүшесі. Көкпар ойындарынан республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Азия көкпар лигасының чемпионы.
Заң мен тәртіп күзетінде абыройлы қызмет етіп жүрген жігіт, сүйікті спортынан қол үзбей, жұмыстан кейін қала сыртындағы базада көкпар командасымен бірге жаттығып, алдағы жарыстарға шеберлігін шыңдайды. Капитанның сүйікті сәйгүлігі Аңсарға деген көзқарасы ерекше. Жануарды өзі баптап, айрықша күтіммен қарайды.
«Қазақ жігіттері үшін жылқының орны ерекше. Атқа мініп серуендеудің өзі бойыңдағы бар шаршауды басса, атпен шабу – жігіттік жігеріңді арттырып, бойыңа қуат, ойыңа қанат бітіреді. Әлемдегі ешбір көлік – бұл ерекше сезімді сыйлай алмайды» - дейді Бекнұр Таңатаров.
Бүгінде ұлттық ойындарды дәріптен жүрген көкпаршы-полицей Ақтөбе облысы полиция департаментінің арнайы даярлық басқармасында қызмет етеді. Мұнда ол тәртіп сақшыларының кәсіби, әрі спорттық даярлығын арттырумен айналысып, сүйікті ісін де қатар алып жүр.