
Соңғы уақытта қоғамдық тамақтану орындарының жарнамасы барған сайын агрессивті сипат алып барады. Көпшіліктің назарын аударуға ұмтылған кейбір азаматтар жол қозғалысы ережелерін бұзып, өздерінің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада қыздың қаладағы кофеханалардың бірін жарнамалау барысында қозғалыстағы автокөліктің терезесінен денесін шығарғаны анықталды. Мұндай әрекеттер қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді және ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Ақтөбе қаласының патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізушісі мен жолаушы қызды анықтады. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция жолдағы қауіпсіздік әрбір азамат үшін басты орында болуы тиіс екенін еске салады. Әсерлі контент түсіру, жарнамалық акциялар өткізу немесе бейнероликтер дайындау заң талаптарын бұзумен бұзумен және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірумен қатар жүрмеуі қажет.