Ақтөбе облысында заңсыз алкоголь өнімдерінің 75 литрге жуығы тәркіленді

Ақтөбе облысында заңсыз алкоголь өнімдерінің 75 литрге жуығы тәркіленді

«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізді.

Тексеру барысында Қандыағаш қаласындағы кафелердің бірінде алкоголь өнімдерін заңсыз сақтау және сату дерегі анықталды. Мекемеден 75 литрге жуық алкогольдік өнім тәркіленді.

Анықталғандай, кафе иесі алкоголь өнімдерін сатуға арналған тиісті мемлекеттік лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Жыл басынан бері аталған ойын-сауық мекемесіне полиция қызметіне үш рет шақырту түскен.

Сот шешімімен кәсіпкер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 200 және 463-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 281 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Полиция алкоголь өнімдерін лицензиясыз сату заң талаптарын бұзу болып табылатынын және ол үшін заңда көзделген жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Осындай құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жалғасуда.