
Полицияға Ақтөбе қаласының тұрғыны алаяқтық фактісі бойынша арызбен жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, жыл басында танысы оған ақшалай сыйақы үшін несиелік міндеттемелерін есептен шығаруға көмектесетінін уәде еткен.
Уәдеге сенген әйел күдіктіге 150 мың теңге аударған. Алайда бірнеше ай бойы күдікті өз міндеттемесін орындамаған және алған ақшаны қайтармаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Аталған факті бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарды қаржылық мәселелерді шешу кезінде сақ болуға шақырады. «Несиені жауып беремін», «қарызды есептен шығарып беремін» деген сияқты ақылы қызметтерді ұсынатын күмәнді ұсыныстардың көп жағдайда алаяқтық әрекеттер екенін естен шығармаған жөн.
Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын ресми қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдардан кеңес алуға кеңес береміз.