
Ақтөбе жастар орталығында қоғамдық көмекшілер мен волонтерлерге арналған семинар-кеңес өтті. Жиында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша қоғамдық көмекшілерге қатысты жаңа нормалар түсіндірілді. Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.
— Тұжырымдама аясында өңір басшысының қолдауымен аймақта «Айқын нәтиже» жобасы қолға алынды. Осы жоба шеңберінде жастарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына жүйелі түрде тарту көзделіп отыр.
Бұған дейін волонтерлік топтармен бірлесе жұмыс істедік. Енді жаңа заңнамаға сәйкес олардың жұмысын жүйелеу мақсатында қоғамдық көмекші ретінде рәсімдемекпіз. Бұл жұмыстарды білім, жастар саясаты, полиция басқармасы және прокуратура бірлесіп атқарады. Қоғамдық көмекші болған жасқа сыйақы беріледі. Яғни полиция департаментінде сыйақы беру жүйесі қарастырылған. Еріктілер атқарған жұмыстары бойынша үш ай сайын есеп береді. Комиссия шешімімен үздік қоғамдық көмекшілерге жол шығындарын өтеуге жеткілікті көлемде сыйақы беріледі, — деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының маманы Әли Тукашев.
Қоғамдық көмекшілерді іріктеу алдында үш күндік арнайы оқыту ұйымдастырылып, оған 120 жас қатысқан. Олардың арасынан қоғамдық жұмысқа ниет білдірген жастар көмекші ретінде қабылданады. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылатынын атап өтті. Қоғамдық көмекшілер учаскелік полиция инспекторлары немесе прокуратура өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейді. Үміткерлердің құжаттары қабылданған соң оларға «Полицияның қоғамдық көмекшісі» куәлігі табысталады. Қоғамдық көмекшілер түрлі құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Тәртіп сақшыларымен бірге рейдтерге шығып, ұсақ құқықбұзушылықтарды анықтайды.
Жиында облыстық полиция департаментінің өкілдері жастарға қоғамдық көмекшінің міндеті, жалпы заң бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді. Өз кезегінде ерікті жастар сұрақтарын қойды.