Ақтөбеде мектеп оқушылары арасындағы үздік жас жол инспекторлары анықталды

Ақтөбеде мектеп оқушылары арасындағы үздік жас жол инспекторлары анықталды

Ақтөбе облысының мектеп оқушылары жас жол инспекторларының XXIII облыстық слетіне жиналды. Облыстың әр ауданынан келген оқушылар 7 бағыт бойынша сынға түсіп, жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын, велосипед жүргізу шеберліктерін көрсетіп, саптық дайындықта бақ сынады.

Биылғы слетке №82 жалпы білім беретін орта мектеп базасында 90 оқушыдан құралған 13 команда қатысты.

Байқау бағдарламасы жас қатысушылардан терең білім мен жоғары дайындықты талап етті. Слетке дайындық күндері оқушылар үшін оңай болмағанымен, барлық қатысушылар әр кезеңде өздерінің шеберліктері мен белсенділіктерін көрсете білді. Әкімшілік полиция, патрульдік полиция және білім басқармасы қызметкерлерінен құралған қазылар алқасына үздіктерді анықтау оңайға соқпады.

Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша абсолютті жеңімпаз атанған — «Жол сақшылары» командасы. Екінші орынды «Сұңқар» жасағы иеленсе, үшінші орын «Бағдаршам» командасы командасына бұйырды.

Сонымен қатар, әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтеген барлық қатысушы командаларды алғыс хаттармен марапаттап, оқушыларға 7 аталым бойынша грамоталар табыстады.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай байқаулардың басты мақсаты — балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру.