
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Ақтөбе облысы Полиция департаментінің емханасы бар госпиталінің қызметкерлері 90 жасқа толған тыл ардагері Тамара Алексеевна Ляшкованың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында ардагерге жылы лебіз білдіріліп, көпжылдық адал еңбегі мен ішкі істер органдары жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтылды.
Тамара Алексеевна Ляшкова ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облысы ІІБ емханасы бар госпиталінде бухгалтер қызметін атқарып, осы салаға 40 жылдан астам ғұмырын арнады. Жауапкершілік пен табандылықты серік еткен ардагердің еңбек жолы кейінгі буын үшін өнеге.
— «Тамара Алексеевна — ішкі істер органдарының дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты буын өкілі. Сіздің ұзақ жылдарғы адал еңбегіңіз бен өмірлік өнегеңіз кейінгі ұрпақ үшін әрдайым қымбат. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін»,— деді Ақтөбе облысы ПД емханасы бар госпиталінің бастығы Асқат Исаев.
Тағылымды мұндай кездесулер аға буынға деген құрметтің, ел тарихына тағзым етудің және бейбіт күннің қадірін ұлықтаудың айқын көрінісі. Тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығы мен табанды еңбегі ел жадында әрдайым сақталады.