
Ақтөбе қаласындағы Білім мектеп-гимназиясы оқушылары, атап айтқанда «NEO – жаңа буын полицейлері» сыныбы үшін құқықтық танымды кеңейту және болашақ мамандыққа кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында оқушылар Ақтөбе облысы Полиция департаменті бөлімшелерінің жұмысымен жақынырақ танысты. Алдымен олар Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен кездесіп, арнайы жасақтың күнделікті қызметі, кәсіби даярлығы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапты міндеттері туралы мәлімет алды.
Келесі кезекте оқушылар Жедел басқару орталығының (ЦОУ) жұмысымен танысты. Бейнебақылау жүйелері арқылы қаладағы құқықтық тәртіптің тәулік бойы қадағаланатыны, құқық бұзушылықтарға жедел ден қою және ақпаратты нақты уақыт режимінде өңдеу тетіктері көрсетілді.
Сонымен қатар экскурсия аясында ішкі істер мұражайын аралап, полиция органдарының қалыптасу тарихы, қызметтік дәстүрлері мен әр кезеңдегі жәдігерлер таныстырылды.
Криминалистика бөлімінде мамандар оқиға орнын қарау, айғақтарды анықтау мен бекіту, түрлі іздерді зерттеу барысында қолданылатын арнайы техникалық құралдарды көрсетіп, олардың тәжірибедегі маңызы туралы айтып берді.
Осындай тағылымды кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң мен тәртіпке деген құрметін арттыруға, сондай-ақ болашақ мамандықты саналы таңдауға ықпал етеді.