
Ағымдағы жылдың мамыр айының басында 1962 жылы туған қала тұрғынына өзін жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар қоңырау шалған. Сәлемдеме алу сылтауымен олар әйелді телефонға келген SMS-кодты айтуға көндірген.
Көп ұзамай оған қайта қоңырау шалып, өздерін «eGov» қызметкерлері ретінде таныстырып, оның атына несие рәсімдеу әрекеттері жасалып жатқаны және банк шоттарында күмәнді операциялар бар екені туралы жалған ақпарат берген. Кейін әңгіме өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған тұлғаға қосылған. Бірнеше күн бойы алаяқтар әйелді адастырып, психологиялық қысым көрсетіп, «алаяқтықтың алдын алу» деген желеумен несие рәсімдеуге үгіттеген.
Әйел несие рәсімдеу мақсатында банкке жүгінген. Қызмет көрсету барысында банк қызметкері клиенттің белгісіз тұлғалармен жазысқанын байқап, алаяқтық белгілерін анықтаған. Аталған жағдай туралы дереу киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесіне хабарланған.
Азаматша полицияға жеткізіліп, онымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бастапқыда ол алаяқтармен байланысқанын жоққа шығарғанымен, біраз уақыттан кейін жағдайды түсініп, өз әрекеттерінен бас тартты.
Банк қызметкері мен полицияның кәсіби әрі жедел әрекеттерінің арқасында шамамен 2 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың заңсыз алынуына жол берілмеді.
Полиция азаматтарды сақ болуға, SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамдарға бермеуге және өзін түрлі қызметтердің өкілі ретінде таныстыратын белгісіз тұлғалардың қоңырауларына сенбеуге шақырады.