
Полиция қызметкерлері велосипед ұрлығының алдын алу және жолын кесу бағытында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Ақтөбе қаласының 48 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол бірнеше велосипед ұрлығын жасады деген күдікке ілінді.
Алдын ала тергеу барысында күдіктінің Г. Жұбанов көшесінде еркін қол жеткізу арқылы жасөспірімнің велосипедін жасырын түрде ұрлағаны анықталды. Келтірілген шығын көлемі 150 000 теңгені құрады.
Бірнеше күннен кейін ер адам қайтадан қылмыс жасап, 11-шағын аудандағы көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінен дәл осындай тәсілмен «AVA» маркалы спорттық велосипедті ұрлаған. Аталған велосипед тросты құлыппен бекітілмеген. Жәбірленушіге келтірілген шығын 90 000 теңгені құрады.
Оның велосипед ұрлығының бес дерегіне қатысы бар екені анықталды. Күдікті ұрланған екі дөңгелекті көліктерді бейтаныс адамдарға сатып жіберген.
Аталған фактілер бойынша «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның қала аумағында жасалған өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Полиция департаменті азаматтарға сақтық шараларын сақтауды ескертеді:
велосипедтерді подъездерде және көшеде қараусыз қалдырмаңыздар;
міндетті түрде сенімді ұрлыққа қарсы құрылғыларды пайдаланыңыздар;
мүмкіндігінше велосипедтерді жабық орындарда сақтаңыздар немесе бейнебақылау жүйелерін орнатыңыздар.
Құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда дереу полицияға хабарласуларыңызды сұраймыз.