
Ақтөбе қаласы Полиция басқармасында полиция және білім басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен «Жас сақшы» сыныптарының білім алушылары арасында «Тәртіпті оқушы», «Мейірімді оқушы» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті.
Іс-шараның мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және өнегелі мінез-құлық үлгілерін насихаттау, сондай-ақ оқушылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Кездесуге үлгілі тәртібімен көзге түскен білім беру ұйымдарының сынып оқушылары қатысты.
Диалог барысында құқық қорғау органдарының қызметі, олардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі кеңінен түсіндірілді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.
Сонымен қатар, іс-шара аясында арнайы мақсаттағы жедел қимылдайтын жасақ қызметкерлері қару-жарақтары мен қызметтік жабдықтарын таныстырды. Қатысушыларға олардың күнделікті қызмет барысы көрсетіліп, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.
Кездесу барысында криминалист мамандар қылмыстарды ашу кезінде қолданылатын арнайы құрал-жабдықтарды таныстырып, олардың тәжірибедегі қолданылу тәртібі туралы айтып берді.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, тәртіпке баулуға және патриоттық рухын нығайтуға ықпал етеді.