Облыстық Полиция департаментінің бастығы жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданына барды

Облыстық Полиция департаментінің бастығы жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданына барды

Жұмыс сапары аясында Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайыркен Әлиев халықпен есептік кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, аудандық мәслихат депутаттары, ішкі істер органдарының ардагерлері және ақсақалдар кеңесінің өкілдері қатысты. Жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ халықтың полицияға деген сенімін арттыруға бағытталған шаралар талқыланды.
Департамент басшысы полиция мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұртшылықтың өзара тығыз ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтіп, тұрғындармен ашық диалог өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешуге мүмкіндік беретінін айтты.
Сапар барысында генерал-майор аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратының жөндеу жұмыстарымен танысып, бөлімшенің қызметтік жұмысының ұйымдастырылуын және материалдық-техникалық жарақтандырылуын тексерді. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, жеке құраммен кездесу өтіп, Ішкі істер министрінің тапсырмалары жеткізілді және жедел-қызметтік қызметтің басым бағыттары айқындалды. Қызметтік тәртіпті сақтау, заңдылықты қамтамасыз ету және қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысында Қайыркен Әлиев салтанатты жағдайда жас қызметкерлерге алғашқы офицерлік шендерін табыстап, үздік нәтиже көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғыс хаттар тапсырды. Ол олардың адал еңбегі мен аудан аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді.