Қыс мезгілі басталғалы 684 автожолға тексеру жүргізілді

Қыс мезгілі басталғалы 684 автожолға тексеру жүргізілді

Қыс мезгілінің басталуына байланысты Актөбе облысында аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы тарапынан автожолдардың жай-күйіне бақылау күшейтілді.

Бүгінгі таңда республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына 684 тексеру жүргізілді. Тексеру барысында жолдарды қардан уақытылы тазаламау, көктайғаққа қарсы өңдеу жұмыстарының жеткіліксіздігі, жол белгілерінің көрінбеуі және жол жамылғысының тиісті деңгейде күтіп-ұсталмауы сияқты бірқатар кемшіліктер анықталды.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жауапты ұйымдарға оларды белгіленген мерзімде жою жөнінде 410 нұсқама берілді. Сонымен қатар, автомобиль жолдарын талапқа сай күтіп-ұстамағаны үшін 66 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтегеннің айтуынша, қысқы кезеңде жолдарды уақытылы тазалау, көктайғақтың алдын алу және арнайы техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылады. Қабылданып жатқан шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Аталған жұмыстар күнделікті негізде жүргізіліп, тұрақты бақылауда тұр.