Ақтөбе облысының тас жолдарында шетел азаматтарын тасымалдайтын жолаушылар көлігі тексерілді

Ақтөбе облысының тас жолдарында шетел азаматтарын тасымалдайтын жолаушылар көлігі тексерілді

Полиция басшысының орынбасары Ақтөбе облысының аумағындағы Самара – Шымкент автожолында шетел азаматтарын тасымалдайтын жолаушылар көліктеріне тексеру жүргізді.
Аталған тас жол – өңірдегі ең қарқынды қозғалыс орын алған бағыттардың бірі. Полиция қызметкерлері тәулік бойы жол қозғалысына бақылау жасап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Бұл автожолмен тәулігіне 16 мыңға жуық автокөлік қатынайды.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полицияның басты міндеті. Тексеру барысында жолаушылар көлігі жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауы, автобустардың техникалық жағдайы, қажетті құжаттарының болуы, сондай-ақ еңбек және демалыс режимін сақтау мәселелері ерекше назарға алынды.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында заманауи техникалық құралдар кеңінен қолданылуда. Олардың қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар), бейнебақылау жүйелері және жолдарға орнатылған автоматты тіркеу камералары бар.
Әсіресе қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жол жағдайы күрделене түсетіндіктен, жолаушылар тасымалдайтын көліктерге басымдық беріледі. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жылдамдық режимін, арақашықтықты сақтау және жолаушыларды тасымалдау қағидаларын қатаң ұстану қажеттігін ескертеді, – деп түйіндеді А.Саймағамбетов.
Жыл басынан бері облыс жолдарында 167 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тауып, 258 адам түрлі дене жарақатын алған.
Самара – Шымкент тас жолында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда.