Байғанин ауданында полицей отбасы боранда жолда қалған жанұяға пана болды

Байғанин ауданында полицей отбасы боранда жолда қалған жанұяға пана болды

Қатты боран мен аязға байланысты Ақтөбе облысындағы бірқатар автожолдар уақытша жабылды. Жолда қалған азаматтар арнайы ұйымдастырылған жылыту пункттеріне орналастырылды.
Байғанин ауданында патрульдік полиция қызметінің инспекторы Олжас Тәліпов жолдарды жабу және азаматтарды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде (ФОК) ұйымдастырылған жылыту орнына орналастыру қызметін атқарды. Осы сәтте оған бір азамат жүгініп, қастарында 3 айлық нәресте бар екенін айтты. Спорт залында нәрестеге қолайлы жағдайдың жоқтығын жеткізді.
Олжас Тәліпов еш ойланбастан жолда қалған отбасыға өз үйінде түнеуді ұсынды. Полицейдің жары қонақтарды жылы қарсы алып, ыстық шай ұсынып, сәби үшін қажетті жағдай жасауға көмектесті. Инспектордың қызы да қонақтарға қуанып, қолдан келгенше қамқорлық көрсетті.
Атырау облысынан келе жатқан ерлі-зайыптылар полиция қызметкеріне және оның отбасына көрсеткен жанашырлығы мен адамгершілігі үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Бұл оқиға – қызметтік борышпен қатар, адамгершілік пен мейірімділіктің жарқын үлгісі.