Ақтөбе облысында сталкингтің алдын алу жөніндегі форумға 300-ден астам студент қатысты

Ақтөбе облысында сталкингтің алдын алу жөніндегі форумға 300-ден астам студент қатысты

Ақтөбе қаласында «Шекарадағы диалог: Қауіпсіздік. Келісім. Заң» атты форум өтті. Іс-шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, полицияның, прокуратураның, депутаттық корпустың өкілдері, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң талаптарын сақтау және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылау болды. Форум жұмысына өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 300-ге жуық студенті қатысты.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов сталкингтің алдын алу жергілікті атқарушы органдардың, қоғам мен отбасының бірлескен жұмысы арқылы ғана тиімді жүзеге асатынын атап өтті.

Облыстық Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Суентаев сталкинг ұғымына түсініктеме беріп, оның түрлері туралы айтып, жәбірленушілерді қорғаудың құқықтық тетіктерімен таныстырды. Сондай-ақ ол мұндай әрекеттердің жол берілмейтінін және заңнамада көзделген жауапкершілік бар екенін еске салды.

Кездесу барысында студенттерге сталкингтің алдын алу шаралары, оның белгілерін қалай анықтауға болатыны және қудалау жағдайында қайда жүгіну керектігі түсіндірілді. Сонымен қатар форум аясында қалыңдық ұрлау және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық сияқты өзекті әлеуметтік мәселелер де көтерілді.

Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алып, пікір алмасты. Форум қорытындысы бойынша мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және зорлық-зомбылық пен заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділікті қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.