
Ақтөбе қаласының Орталық базар аумағы халық ең көп шоғырланатын, көлік қозғалысы да ең тығыз аудан. Қала тұрғындарынан бөлек, бұл жерге күн сайын шалғайдағы ауылдардан, аудандардан келетін адамдар легі де тоқтаусыз. Ауылдарға қатынайтын такси тұрақтары да осында.
Бұл аумақта азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығына Ақтөбе қаласының №2 полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Нұркелді Аяпбергенов жауапты.
Тәртіптің сақталуы, базарда саудамен айналысатын шетел азаматтарының қызметінің заңдылығы, базар айналасындағы тәуліктік жалға берілетін пәтерлер мен сыраханаларда мас күйдегі адамдардың құқық бұзушылықтарға жол бермеуі, мекемелердің абаттандыру ережелерін бұзбауы да полиция капитаны Нұркелді Аяпбергеновтің қырағы назарында.
Учаскелік инспектор әкімшілік аумағын күн сайын аралайды. Жеке заттарын жоғалту, сауда орындарындағы ұсақ ұрлықтар, базар маңындағы сыраханаларға келушілердің қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзуы мен айналаны ластауы, тіпті қоғамдық көліктердің қозғалысына дейінгі шағымдарын азаматтар оған тікелей жеткізіп жатады. Полицей олардың әрбіріне көңіл бөлуге әрдайым дайын.
«Менің әрбір күнім халық арасында өтеді. Өзіме ұнайды. Халықпен жұмыста кәсіпке деген адалдықпен қатар, адамгершілік пен жанашырлық қасиеттер де болуы тиіс. Тұрғындардың сеніміне құрылған қатынас әрдайым оң нәтиже береді» деп санайды Нұркелді Аяпбергенов.