Ақтөбеде кезекті «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Ақтөбеде кезекті «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Ақтөбе қаласында жас ұрпақты құқықтық тәрбиелеуге бағытталған республикалық жоба аясындағы жұмыстар жалғасуда. Осы жобаның шеңберінде Ілияс Есенберлин атындағы №15 орта мектепте кезекті «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды.

Іс-шара барысында 8-сыныптың 19 оқушысы салтанатты жағдайда ант қабылдап, Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға, тәртіпті әрі жауапты болуға, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға белсенді атсалысуға уәде берді.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысы Полиция департаментінің өкілдері, мектеп басшылығы, ұстаздар мен оқушылардың ата-аналары қатысты. Оқушыларға Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов құттықтау сөз сөйледі. Ол «Жас сақшы» жобасының жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда, патриоттық рухты арттыруда және полиция мамандығына деген құрметті тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

— Бүгін сіздер қоғамға қызмет етудің алғашқы саналы қадамын жасап отырсыздар. «Жас сақшы» болу — өз қатарластарыңа үлгі болу, заңды құрметтеу және әділдікке ұмтылу, — деді ол.

Оқу үдерісі барысында «Жас сақшы» сыныбының оқушылары құқық негіздерін, жол қозғалысы ережелерін, саптық және дене даярлығының негіздерін меңгеріп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық және патриоттық іс-шараларға қатысатын болады.

Мектеп басшылығы жобаға қатысу оқушылардың тәртібі мен жауапкершілігін арттырып, азаматтық белсенділігін қалыптастыруға оң әсерін тигізетініне, сондай-ақ кейбір оқушылар үшін болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге алғашқы қадам болатынына сенім білдірді.

«Жас сақшы» жобасы өңірде табысты жүзеге асырылып, заңға бағынатын, белсенді әрі әлеуметтік жауапты азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған.