
Ағымдағы жылдың 4 қаңтарында Ақтөбе қаласында Ломоносов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде өрт шықты. Өрт туралы хабар күндізгі уақытта жедел қызметтерге түсті.
Оқиға орнына алғаш болып патрульдік полиция қызметкерлері Нұрсұлтан Шынберген мен Аслан Айтжанов жетті. Жағдайды бағалаған полицейлер дереу тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.
Подъезде қою түтін болып, бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.
Полиция қызметкерлері жоғарғы қабаттарда болған үш тұрғынның қауіпсіз жерге шығуына көмектесті. Олар жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Өрт сөндірушілер келгеннен кейін эвакуациялау жұмыстары бірлесіп жалғастырылды. Барлығы 24 тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды. Тағы төрт адамды өрт сөндірушілер автосатының көмегімен эвакуациялады.
Полиция және өрт сөндіру қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында өрт салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда.