«Ақша таппақ болып, түрмеге түстім!»: Волонтер болашақ дәрігерлерді сақ болуға шақырды

«Ақша таппақ болып, түрмеге түстім!»: Волонтер болашақ дәрігерлерді сақ болуға шақырды

Ақтөбеде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттеріне арналған «Менің таңдауым – есірткісіз болашақ!» атты профилактикалық кездесу өтті. Шараға полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және волонтерлер қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу, жастар арасында жауапкершілік сезімін қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау.
Студенттердің ерекше назарын волонтер Сергейдің сөзі аудартты. Ол өз өмірінен алынған ащы сабақтармен бөлісіп, жастарды қателікті қайталамауға шақырды. Есірткінің құрбаны болып, оның салдары өз өмірінде қандай ауыр жолдарға әкелгенін ашық айтты.
«Мен есірткі үшін 10 жыл түрме жазасын өтедім. Ол жылдарым текке кетті. Ақша таппақ болып, түрмеге түстім!», — деді ол.
Болашақ дәрігерлерге айрықша үндеу жасағандардың бірі — Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының облыстық төрағасы Марат Қойлыбаев. Ол жастарды зиянды заттардың зардабынан сақтандырып, жеке жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Шара соңында полиция қызметкерлері қызметтік іздестіру иттерінің жұмысын көрсетіп, оқу-жаттығу барысында олардың есірткі қылмысымен күрестегі маңызды рөлін таныстырды. Көрсетілім студенттердің зор қызығушылығын тудырды.