
Ақтөбе қаласы тұрғынына белгісіз ер адам телефон шалып, өзін белгілі компанияның менеджері ретінде таныстырған. Ол «сыйлық ұтысына ие болып», жаңа iPhone 17 смартфонын ұтып алғанын айтқан. Сыйлықты алу үшін қоңырау соққан адам бірқатар әрекеттерді орындауды және «ұтысты растау рәсімінен» өтуді талап еткен.
Кенеттен болған «сыйлыққа» қуанып, оның сөзіне сенген жәбірленуші барлық нұсқаулықтарды орындаған. Соның нәтижесінде ол көрсетілген есепшотқа шамамен 1,5 миллион теңге аударып жіберген.
Азаматтың полицияға жүгінуінен кейін тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдікті ретінде 18 жастағы жас жігітті анықтап, ұстады. Тінту барысында оның телефонынан ақша аударымдары туралы мәліметтер және өзге де айғақтар табылды.
Күдікті жасаған ісін мойындап, толықтай жауап берген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.