
Бүгін Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін елемейтін өрескел заң бұзушыларды анықтады. Олар үшін қызыл жарық, жылдамдықты асыру немесе қарсы бағытқа шығу — үйреншікті әрекетке айналғандай. Алайда жол мұндай «ұсақ-түйектерді» кешірмейді.
Мәселен, «Қорғау» жүйесі мен қала көшелеріне орнатылған бейнебақылау камералары арқылы полицейлер екі ай ішінде 45 рет жол ережесін бұзған жетелде тіркеудегі Toyota автокөлігінің жүргізушісін анықтады. Оның айыппұлдары 1 миллион теңгеден асты.
Ал Volvo автокөлігінің жүргізушісі 29 бұзушылық жасап, 700 мың теңгеден астам айыппұлды төлемеген.
Алайда ең қорқыныштысы — бұл сандар емес. Негізгі сұрақ:
ертең дәл осы жүргізуші жазықсыз адамдардың өліміне себепкер болмайтынына қандай кепіл бар?
Әрбір жол ережесін бұзу — жай ғана статистика емес. Бұл — біреудің аяқталмаған қадамы, біреудің үйіне жете алмаған сәті, біреудің үзіліп қалған өмірі. Жол ережелері қара сиямен емес — қанмен жазылады. Рульге отырған әр адам мұны есте сақтауға тиіс.
Полиция облыс аумағында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтауға бағытталған «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатқанын еске салады.