Ақтөбе облысында учаскелік инспекторлар тұрғындармен кездесіп, заңбұзушылықтарды анықтауда

Ақтөбе облысында учаскелік инспекторлар тұрғындармен кездесіп, заңбұзушылықтарды анықтауда

2025 жылғы 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін еліміздің аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шара аясында учаскелік инспекторлар өз аумағындағы тұрғындармен танысады, әкімшілік учаскедегі проблемаларды зерделейді, барлық тұрғын және қызметтік нысандарды аралап, құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Ақтөбе облысында «Учаске» ЖПІШ басталғаннан бері учаскелік инспекторлар 2 жарым мыңға жуық қару иесін мекенжайы бойынша тексерді. Нәтижесінде қаруды ұстау мен сақтау ережелерін бұзғаны үшін 32 қару иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, азаматтардан заңсыз сақталған 4 бірлік атыс қаруы тәркіленді.
Аралау барысында учаскелік полиция инспекторлары мекенжайда заңсыз тұру деректерін де белсенді анықтауда. Бүгінгі күнге дейін салық органдарында тіркелмей, тұрғын үйді жалға берудің 124 дерегі анықталып, тұрғылықты жерде тіркеусіз тұрғаны үшін 919 азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
«Учаске» ЖПІШ барысында қоғамдық орындардағы қауіпсіздік полицейлердің басты назарында. Шара басталғаннан бері алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 475 құқық бұзушыға ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша шара қолданылды. Аула мен тұрғын үйлерді аралау кезінде ғимарат қабырғаларына жазылған 10 есірткі жарнамасы (нарко-граффити) анықталып, жойылды. Сонымен қатар, елде болу ережесін бұзған 80 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы полиция мен халық арасындағы сенімді арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және әрбір аулада, әрбір үйде қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.