
18 қыркүйекте Хромтау ауданындағы Тасөткел орта мектебінде «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Бұл сынып – осы мектептің үздік түлегі, ержүрек полицей, Қымбатқазы Оразалиннің құрметіне арналды.
Игі патриоттық шараны Хромтау ауданы полиция бөлімі жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жүзеге асырды.
Қ.Оразалин – 16 жыл ішкі істер саласында қызмет етіп, 2009 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қылмыскерлермен күресте қаза тапқан. Ол жанкешліктікпен ақырына дейін күресіп, ел үшін жанын қиған.
Қайтыс болғаннан кейін Қымбатқазы Оразалин ерлігі үшін 2-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
«Жас сақшы» сыныбына 7-сыныптың 15 оқушысы қабылданып, салтанатты түрде ант берді. Заманауи, патриоттық үлгіде жабдықталған полицейлік кластың тұсауы кесілді.
Іс-шара аясында полиция департаменті мен мектеп арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Ерлік – ешқашан ұмытылмайды. Батырдың есімін ұлықтау – біздің борышымыз», – деді іс-шараға қатысқан әріптестері мен отбасы мүшелері.