Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында өңірде полиция қызметкерлері азаматтар үшін ашық есік күндерін ұйымдастырып, оларды толғандырған өзекті мәселелер бойынша құқықтық кеңес беру шараларын ауқымды жүргізуде.
Кезекті көшпелі қабылдауды 28 тамызда Ақтөбе облысы полиция департаментінің тергеу және анықтау бөліністерінің, сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімінің қызметкерлері жүргізді.
Облыс орталығында орналасқан «Keruen City» сауда-ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған шара барысында полиция қызметкерлеріне тұрғындар әртүрлі сұрақтармен жүгінді.
Азаматтарды, негізінен, кибералаяқтық, тыныштықты бұзу, абаттандыру ережелерін бұзу мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылық, түрлі құқық бұзушылықтар үшін жазаның түрлері т.б. мәселелер толғандырды.
Сондай-ақ, шара барысында киберполиция қызметкерлері келушілерге жаднамалар таратып, алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндірді.
«Шараның өтетін орны туралы тұрғындарға алдын ала хабарланды. Бүгін бізге келген барлық азаматтарға уәкілетті қызметкерлер жан-жақты құқықтық көмек көрсетіп, кеңес берді. Бұл шара азаматтар үшін барынша қолайлы және қолжетімді болуға бағытталған. Алдағы уақытта да мұндай кеңес беру пункттері жұмысын жалғастыратын болады» - деді Ақтөбе облысы ПД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нариман Мұхтаров.