2025 жылғы 1 қыркүйекте Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының тұрғыны өз үйінде алкогольдік масаң күйде жанжал шығарған. Оның әрекеті жұбайының тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Өзінің әрекеті арқылы ер адам отбасылық жанжалға себеп болған.
Полиция қызметкерлері «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жанжал шығарушыға қатысты әкімшілік іс қозғап, сотқа жолдады.
Сот қаулысымен ер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, құқық бұзушыға 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
Естеріңізге саламыз, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасында әкімшілік жаза түрі ретінде — қоғамдық жұмыстар енгізілді. Бұл жаза ұсақ бұзақылық, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар сияқты бірқатар құқық бұзушылықтар үшін айыппұлға балама ретінде қарастырылады.
Бұл шара тек құқық бұзушының келісімімен ғана қолданылады. Ал қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда, оған қосымша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.