2025 жылғы 22 тамызда Ақтөбе облысы полиция департаментінің Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері 70 жастағы зейнеткер әйелге кибералаяқтар иемденіп кеткен 9 миллион теңгеден астам қаражатын қайтарды. Зейнеткер екі ай бойы алаяқтардың психологиялық ықпалында болып, оларға 18 миллион теңгеден астам қаражатын аударған. Соны салдарынан баспанасынан да айырылған.
Өмір бойы ұстаздықпен айналысқан қария тамыз айының басында ғана алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінген. Тергеу барысында зейнеткердің алдымен 20 жыл бойы жинаған жинақ ақшасын (шамамен 9 миллион теңге), кейіннен пәтерін сатқаннан түскен қаражатын да алаяқтарға бергені анықталды. Екі жағдайда да ақша такси қызметі арқылы — маусым және шілде айларының соңында жолданған.
Алаяқтар кең таралған схема бойынша әрекет еткен: алдымен жәбірленушінің телефонына 1414 нөмірінен SMS хабарлама келген, артынша өзін eGov порталының қауіпсіздік қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалып, банк шотына шабуыл жасалып жатқанын айтқан. Осы сылтаумен олар әйелді ақшасын «қауіпсіз шотқа» салуға көндірген.
Жалғызбасты зейнеткердің шетелде тұратын қызына бару үшін пәтерін сатқалы жатқанын естіген алаяқтар, оның сеніміне кіріп, пәтер сатудан түскен қаражатты да өздеріне жіберуге сендірген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында киберполиция қызметкерлері қаражаттың Шымкент қаласына жіберілгенін анықтады. Іссапарға дереу шыққан жедел топ ұрланған ақшаны іздеп тауып, тәркіледі.
Полиция қызметкерлері жәбірленушіні бөлімге арнайы шақырып, жымқырылған қаражатты табыстады. Қайтарылған қаржы мен көрсетілген қолдауға қатты толқыған зейнеткеркөз жасын тыя алмай, алғысын білдірді.
«Өмір бойы ұстаз болып еңбек еттім, өзімді сауатты адам санаймын. Бірақ алаяқтарға қалай сеніп қалғанымды түсінбеймін. Неге бірден полицияға немесе банкке жүгінбегенімді де білмеймін. Екі күннен кейін туған күнім — бұл сіздерден алған ең үлкен сыйым болды», — деді ол.
Полиция қызметкерлері бұл оқиғаның профилактикалық маңызын да атап көрсетті:
«Бұл шынайы болған жағдайды тұрғындарға көрсетіп, кибералаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін барынша сақ болуға шақырғымыз келді», — деп мәлімдеді Полиция департаменті.