Ақтөбе қаласында полицейлер автокөлікті айдап кету дерегін ашты. Белгілі болғандай, Сәнкібай батыр даңғылы бойындағы автотұрақтан шетелдік тіркеудегі ВАЗ маркалы автокөлік ұрланған. Келтірілген шығын мөлшері 800 мың теңгені құрады.
Ұрлық сәті сауда үйінің маңына орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Камера жазбалары арқылы автокөліктің бағытын анықтауға мүмкіндік туды. Алдын ала тергеу барысында тәртіп сақшылары күдіктінің көлікті айдап кетіп, оны 150 мың теңгеге автошеберханаға (авторазборға) тапсырғанын анықтады.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 51 жастағы қала тұрғыны күдікті ретінде анықталып, ол өз кінәсін мойындады.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарға көліктерін қараусыз қалдырмауға, көлік құралын тұйықталмаған немесе бейберекет жерлерге қоймауға және кілтті тұтатқышта қалдырмауға кеңес береді.