Ақтөбе қаласында патрульдік полиция қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйдің балконынан секірмек болған әйелдің өмірін сақтап қалды.
Полицияға қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде әйелдің балконнан секірмек болып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары жағдайды бақылауға алды.
Пәтерге кіргенде аға лейтенант Амирбек Каиров әйелдің ойын бөліп, қауіпті әрекетке жол бермеді. Сол уақытта әріптесі, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Зейнуллаев шұғыл әрекет етіп, әйелді балконнан қауіпсіз жерге түсірді.
Әйелге дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, қазіргі уақытта оған қажетті психологиялық қолдау ұйымдастырылды.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарға өмірлік қиын жағдай туындаған кезде міндетті түрде мамандарға және құқық қорғау органдарына жүгінуді еске салады.