Қоғам тыныштығы – жай ұран емес. Бұл – күн сайын қызметке кіріскен сәттен бастап, әрбір аулаға, әрбір отбасыға жауапты болу. Осындай сенім мен жауапкершілікті арқалап жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Ешманов Жандос Бауыржанұлы.
1988 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген Жандос ішкі істер саласындағы қызметін 2015 жылдың желтоқсан айында бастаған. Қазір ол Ақтөбе қаласы Полиция басқармасына қарасты №3 Қалалық полиция бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып жүр.
Жандос – төрт баланың әкесі, отбасына адал, қызметке тиянақты азамат. Әріптестері арасында сабырлы мінезі мен талапшылдығы үшін құрметке ие. Ал тұрғындар оны кез келген уақытта ашық сөйлесуге, көмек көрсетуге дайын полиция қызметкері ретінде таниды.
Учаскелік инспектордың бір күні – алдын алу жұмыстарынан басталады. Жоспарлы рейдтер, түсіндіру кездесулері, тұрғындардың өтініштерін тыңдау, әсіресе жасөспірімдер мен әлеуметтік осал топтармен жұмыс – оның күнделікті міндеттерінің бір бөлігі ғана.
«Біздің басты міндетіміз – халықтың сенімін жоғалтпау. Қауіпсіз орта қалыптастыру – тек заңмен емес, қарым-қатынаспен де шешілетін іс. Полицияны құрметтету үшін, ең алдымен, біз халыққа құрмет көрсетуіміз керек», – дейді Жандос.
Оның жұмыс күні сағатпен шектелмейді. Қажет болса, түн ішінде де көмекке келеді. Себебі полиция формасы – жай киім емес, үлкен сенім мен жауапкершілік белгісі.
Жандос Ешманов – қызметінде де, өмірде де елге тірек болуға тырысатын нағыз халық инспекторы. Ол үшін полиция қызметі – тек жұмыс емес, ел алдындағы адал борыш.