Бұланды заңсыз атқан ауыл тұрғыны жауапқа тартылуда

Бұланды заңсыз атқан ауыл тұрғыны жауапқа тартылуда

14 шілдеде Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық шаралар жүргізу барысында заңсыз аңшылық дерегін анықтады. Полицейлер Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының маңында далалықта бұланға ұқсас жабайы жануарды сойып жатқан ер адамды байқады. Тексеру барысында 30 жастағы ауыл тұрғыны заңсыз аңшылықпен айналысып, бұланды далалықта атып алғанын айтты.
Күдіктінің «Лада-21214» автокөлігінен тіркелген ойық ұңғылы карабин қаруы табылып, тәркіленді.
Полиция заңсыз аңшылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Автокөлік құралы аудандық полиция бөлімінің аумағына қойылды.
Заңсыз аңшылық үшін күдікті мүлкі тәркілену мүмкіндігімен, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылуы мүмкін.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды қоршаған ортаны қорғау заңнамасын сақтауға, табиғатқа құрметпен қарауға және жануарлар дүниесін қорғауға шақырады. Браконьерлік фактілері анықталған жағдайда, дереу полицияға хабарласуды сұраймыз.