
2025 жылғы 1 мамырдан бастап Ақтөбе қаласының аумағында ойын-сауық мекемелерінде, азаматтардың жаппай жиналатын орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бағытында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Іс-шаралар аясында бүгінгі күнге дейін 42 нысан тексерілді. Тексеру барысында ойын-сауық орындарының иелері мен жалға алушыларына тиісті лицензиясы жоқ адамдарды күзет қызметіне тартуға жол беруге болмайтыны жөнінде қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді.
Нысан иелеріне тек лицензиясы бар күзет ұйымдарымен шарт жасасу ұсынылды. Мұндай шарттарда заңнамаға сәйкес күзет қызметін көрсету тәртібі, көлемі және төлемі нақты айқындалуы қажет.
Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жалғасады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау жауапкершілігі нысан иелеріне де, сондай-ақ қызмет көрсетуге тартылатын күзет ұйымдарына да жүктеледі.