16 мамырда Ақмола облысы Полиция департаментінің ғимаратында ішкі істер органдары қызметкерлерінің психологиялық дайындығына арналған сабақ өтті. Іс-шараның тақырыбы – қызмет барысында эмоционалдық күйзелістің (выгорание) алдын алу.
Семинар бейнеконференция форматында ұйымдастырылды, бұл қатысушылардың барынша көп санын қамтуға мүмкіндік берді: талқылауға барлық құрылымдық бөлімшелер мен ҚАПББ
қызметкерлері қатысты.
Кездесудің лекторы — «Өмір» отбасылық тәрбиелеу орталығының тәжірибелі психологы Жұмағатова Татьяна Викторовна. Сабақ барысында психологиялық денсаулықты сақтаудың маңызды аспектілері айтылды, ішкі істер органдары қызметкерлерінің күйзелісті жағдайлардағы мінез-құлық үлгілері талқыланды, сондай-ақ азаматтармен дағдарыс сәттеріндегі тиімді қарым-қатынас бойынша ұсыныстар берілді. Әсіресе, диалог кезіндегі шиеленісті төмендетуге бағытталған бейтарап әрі қолдаушы фразаларды қолдануға ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ сабақта ұжым ішіндегі өзара әрекеттестік мәселесі қаралды – күйзеліс немесе тұнжыраған көңіл күйде жүрген әріптесті қалай түсінуге және қолдауға болады. Қатысушыларға сергек болу, артық мазаламау, жеке шекараларға құрметпен қарау және бағалаушылық пікірлерден аулақ болу ұсынылды. Қарапайым, бірақ шынайы қолдау сөздері, зейін мен тыңдауға дайындық — мұның бәрі салауатты психологиялық ахуал қалыптастыруға және командалық рухты нығайтуға көмектеседі.
Мұндай бастамалар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күйзеліске төзімділігін арттырып, олардың кәсіби қызметінің сапасын жақсартуға және халықтың сенімін нығайтуға септігін тигізеді.
Ақмола облысы Полиция департаменті өз қызметкерлерінің психологиялық әл-ауқатына қамқорлық жасаудың озық тәжірибелерін енгізуді белсенді жалғастыруда, себебі ішкі тепе-теңдік пен эмоционалдық тұрақтылық — қоғам игілігі үшін тиімді қызметтің ажырамас бөлігі екені анық.