
Ақмола облысында аумақтық полиция бөлімшелерінің күнделікті қызметіне инновациялық технологияларды енгізу жалғасуда. "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру өңірлік полиция департаменті үшін іргелі міндет болды, ал ең болмашы құқық бұзушылықтарға жедел ден қою – полиция қызметінің тиімділігінің басты көрсеткіші.
Ішкі істер министрі жариялаған "Алдын алу жылы" Степногорск қаласында полиция қызметкерлері үшін де, моноқаланың тұрғындары үшін де маңызды және көптен күткен оқиға өтті.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және жедел жағдайдың тәулік бойы мониторингін қамтамасыз ету мақсатында, ағымдағы жылдың 31 қаңтарында қалада заманауи жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Салтанатты ашылу рәсімі полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мукашевтың, жергілікті атқарушы органдардың, жеке құрамның және ішкі істер органдары ардагерлерінің қатысуымен өтті.
Жаңа нысан 324 бейнебақылау камерасы арқылы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын бақылауды қамтамасыз етеді. Орталықтың жедел залында 26 қызметкер жұмыс істейді, олар "102" жедел желісінің операторлары, бейнебақылау инспекторлары, навигаторлар және ҚКБТ инспекторлары.
Жедел басқару орталығы ашылған кезде 324 бейнебақылау камерасын қамтиды, оның ішінде 139 камера Степногорск көшелерінде және 9 жақын маңдағы елді мекендерде: Ақсу кенті мен Қарабұлақ кентінде орнатылған. Сонымен қатар, ЖБО – да 176 "Бұлтты бейнебақылау" камерасы біріктірілген, олар онлайн режимінде қарау функциясы бар көпқабатты үйлердің кіреберістері мен аулаларын қамтиды.
Жақын арада орталыққа қаланың орта оқу орындары мен колледждерінде орнатылған бейнебақылау камералары қосылады.
Айта кету керек, ел басшылығы мен ішкі істер министрлігінің тапсырмасын орындау, цифрлық жобаларды енгізу және жаңа технологиялық жабдықтарды, әсіресе бейнебақылау жүйелерін кеңінен қолдану құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды жедел ашуға, сол арқылы халықтың өмір сүруі үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда өңірде жедел басқарудың үш толыққанды орталығы жұмыс істейді: облыс орталығы Көкшетау қаласында, және де өңірдің Щучинск, Степногорск ірі қалаларында. Өткен жылы ЖБО көмегімен облыста 270-тен астам қылмыс ашылып, 49 000-нан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді.