
13 қыркүйекте "102" арнайы желісіне қала тұрғынынан Zuumav маркалы мотоциклдің ұрланғаны туралы өтініш келіп түсті. Өтініш берушінің айтуынша, сағат 11:50 шамасында белгісіз адам үйінің жанында тұрған көлікті иемденіп, қашып кеткен.
Жедел басқару орталығының инспекторлары хабарламаны дереу пысықтауға кірісті. Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген полицейлер күдіктінің қозғалыс бағытын анықтады. Оның Астанаға қарай бет алғаны белгілі болды. Ақпарат жедел түрде патрульдік полиция қызметкерлеріне берілді.
Көп ұзамай патрульдеушілер Астана-Петропавл автожолында бағдарлау бойынша ұқсас мотоциклді тапты. Сағат 12:12 шамасында трассаның 197-ші шақырымында көлік байқалды. Қуғыннан кейін мотоцикл 170-ші шақырым жолда тоқтатылып, күдікті ұсталды.
Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальонының 2-ші взвод қызметінің аға инспекторы полиция капитаны Ербол Дүйсентай айтып өткендей, полиция қызметкерлері жолда қауіпті жағдай туғызбауға және жол-көлік оқиғасының алдын алуға тырысты.
"Біз жол-көлік оқиғасының алдын алу және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірмеу үшін мүмкіндігінше мұқият әрекет етуге тырыстық. Сондықтан қолға түсіру мотоцикл табылған жерден едәуір қашықтықта өтті", - деп атап өтті полиция капитаны.
Іс жүргізу барысында, ұсталған Астана қаласының 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Алдын ала мәліметтер бойынша, жас жігіт мотоциклді сатып алғысы келгендіктен көруге келген, бірақ оның сатып алуға ақшасы болмаған. Иесі оған мотоциклмен жүруге рұқсат бергеннен кейін, жас жігіт көлікті иемденбек болып, қашып кеткен.
Осы дерекке сәйкес ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша күдіктінің іс-әрекетіне тиісті құқықтық баға берілетін болады.