
Көкшетау қаласының полиция басқармасына жергілікті мұражайлардың бірінің директорынан мүліктің бүлінгені туралы өтініш келіп түсті.
Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегіне қараған түні белгісіз адам жертөледегі терезеге зақым келтіріп, мұражай ғимаратына кіргені анықталды. Осыдан кейін қаскөй техникалық жабдықтар орналасқан бөлмеге кірген.
Нәтижесінде сымдар, пломбалар, датчиктер және басқа жабдық элементтері зақымдалды. Сонымен қатар, жылу жүйесіне зиян келтірілді.
Қазіргі уақытта келтірілген залалды бағалау жүргізілуде. Алдын ала деректерге сәйкес оның сомасы шамамен 1 миллион теңгені құрайды.
Осы дерекке сәйкес бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілікті көздейтін бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полицейлер болған оқиғаға қатысы бар адамды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар кешенін өткізді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық бұзушылық жасауға қатысы бар 32 жастағы ер адам анықталды.
Тергеу жалғасуда. Күдіктінің іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша берілетін болады.