
Ағымдағы жылдың 8 мамырында Степногорск қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғын жүгінді. Ер адам 2024 жылдың ортасында танысқан әйелге ұзақ уақыт материалдық көмек көрсетіп келгенін айтып хабарлады.
Зейнеткердің айтуынша, әйел әртүрлі қиындықтары туралы айтып, ақша сұраған. Ер адам сеніп, бірнеше рет ақша аударып, қолма-қол ақшалай да көмектескен. Ол қызы қатты ауырып, күйеуі қайтыс болған немесе денсаулығы жоқ әйелге көмектесіп жатырмын деп ойлаған. Айтуынша, көмек сұрауға сылтау көп болған. Нәтижесінде жалпы шығын шамамен 8 миллион теңгені құрады.
Жағдайды білген зейнеткердің балалары полицияға жүгінген. Тексеру барысында полиция қызметкерлері қыздың жеке басын анықтады. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Ақмола полицейлері азаматтардан барынша мұқият болуды және материалдық көмек көрсетер алдында берілген ақпараттың дұрыстығын тексеруді сұрайды.