Көкшетауда жастар тобы үшін түнгі клубқа бару жазамен аяқталды

Көкшетауда жастар тобы үшін түнгі клубқа бару  жазамен аяқталды

Көкшетауда достар компаниясы үйде алкоголь ішіп, өздері көлік жүргізе алмайтынын түсініп, сау досын көлік жүргізуге шақырып, түнгі клубқа барған.
Клубтан шыққан кезде артқы орындықтағы жолаушы жол ережелерін ұстанбай, көліктің терезесінен басын шығарған, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Мұны патрульдік полиция қызметкерлері байқап, көлікті тоқтатты.
Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің иісі шықты. Медициналық куәландыру алкогольдік мас болудың жеңіл дәрежесін көрсетті.
Жүргізушінің түсініктемесі бойынша, клубта ол кола құюды өтінген, бірақ барменнің қателесіп виски араласқан кола құйғанын білмей ішкен.
Полиция көлікті оған көлік иесі бергенін анықтады. Жүргізушіге қатысты көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік хаттама құрылды, ал иесі көлік басқаруды мас адамға бергені үшін жауапқа тартылды.
Сонымен қатар, жүргізуші жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін, ал жолаушы көлік жүргізу кезінде терезеден басын шығарғаны үшін жазаланды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Ақмола облысының аумағында 700-ге жуық мас жүргізуші ұсталды.