Ақмола облысында қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алды

Ақмола облысында қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алды

Ақмола облысының полиция департаментінде "Мәңгілік тағзым" патриоттық акциясы аясында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Дәстүрлі іс-шара еске алу аллеясында өтті, онда азаматтардың қауіпсіздігі мен заңды қорғауда өз өмірін қиған тәртіп сақшыларының құрметіне ескерткіш орнатылған.
Іс-шараға полиция департаментінің басшылығы, қызмет және құрылым басшылары қатысты. Салтанатты рәсімде қатысушылар қайтыс болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Батырларды еске алу белгісі ретінде рәсім үш дүркін оқ атумен аяқталды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қылмысқа қарсы күресте Ақмола полициясының 43 қызметкері қаза тапты. Олардың әрқайсысы өз міндеттерін соңына дейін орындап, азаматтардың өмірі мен тыныштығын қорғады. Олардың есімдері мемориалдың гранит тақталарында мәңгілікке ойылып, әріптестерінің, ардагерлер мен туыстарының жадында сақталады.
Полиция департаменті қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерді еске алу жас қызметкерлерді патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеудің маңызды бөлігі, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығының және қызметтік борышына адалдықтың символы болып табылатынын атап өтті.