
Көкшетауда полиция басқармасына қаланың балалар дүкендерінің бірінде ұрлық орын алғаны туралы туралы хабарлама келіп түсті. Белгісіз адам кассадан қолма-қол ақшаны, сондай-ақ бір қорап балалар шоколадын ұрлап кеткен.
Ұрлық фактісі бойынша полиция қызметкерлері дереу сотқа дейінгі тергеуді бастап, қажетті жедел іс-шаралар кешенін жүргізді. Бейнебақылау камераларының жазбаларының арқасында күдіктінің жеке басы анықталды. Ер адам өз кінәсін мойындады.
Белгілі болғаны, ол дүкеннің тұрақты клиенті. Дүкенге келіп сатушыдан бірнеше рет витринада болмаған жөргектерді көрсетуді сұраған. Осы мезетті пайдаланған қаскөй кілті жанында ілініп тұрған кассадан ақша және бір қорап шоколад ұрлап кеткен.
Полицейлер кәсіпкерлер мен сауда қызметкерлерінен қауіпсіздік шараларын сақтауды, кассаны қараусыз қалдырмауды, кілттерді бөгде адамдардың қолы жетпейтін жерде сақтауды және ақша қаражатының сақталуына мұқият болуды сұрайды.