
Қайғылы оқиға 13 сәуірде Степногорск қаласында орын алды. Алдын ала ақпарат бойынша, 2020 жылы туған бала көпқабатты үйдің алтыншы қабатының терезесінен құлаған.
Ауыр жарақаттар алған бала шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілгенімен оны құтқару мүмкін болмады.
Осы факті бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Болған оқиғаның барлық мән-жайлары мен себептері белгіленуде, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Полиция қызметкерлері жылы мезгілдің басталуымен мұндай жазатайым оқиғалардың саны дәстүрлі түрде артып келе жатқанын атап айтады. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, ашық терезелер және балаларға терезелерге өздігінен көтерілуге мүмкіндік беретін жиһаздың болуы. Биыл Ақмола өңірінде балалардың терезеден құлауының 5 фактісі тіркелді, олардың бірі өліммен аяқталды.
Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін тәртіп сақшылары ата-аналарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, атап айтқанда, балаларды қысқа уақытқа да қараусыз қалдырмауға, маса торына сенбеуге шақырады, ол баланың салмағына төтеп бере алмайды және жалған қауіпсіздік сезімін тудырады.
Полиция арнайы блокаторларды, құлыптар мен терезелерді ашу шектегіштерін орнатуды, баланың терезеге көтеріле алатын жиһаздарын терезе жанынан алып тастауды, балалардың терезелерде және ашық терезелердің жанында ойнауына жол бермеуді ұсынады.