
Негізгі бағыттардың бірі полиция мен банк секторы арасындағы өзара іс-қимылды нығайту болып табылады.
Полиция департаментінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және құқық қорғау органдарының екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимылын нығайту мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті. Өзекті мәселені талқылауға киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің басшылығы мен қызметкерлері және өңірдің банк филиалдарының басшылары қатысты. Кездесу модераторы Департамент бастығының бірінші орынбасары полковник Ерлан Ақбаров болды.
Кеңесті аша отырып, басшы жыл басынан бері өңір тұрғындары алаяқтарға 225 миллион теңгеден астам қаражат бергенін атап өтті. Оның айтуынша, интернет-алаяқтық мәселесі зардап шеккен азаматтарға ғана емес, жалпы қоғамға да әсер етеді. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Досым Жапаров көңіл көншітпейтін статистиканы толықтырды. Спикердің мәліметінше, биыл полицияға алаяқтық фактілері бойынша 180-нен астам өтініш келіп түскен.
Кездесу барысында қатысушылар ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, азаматтарды алдаудың өзекті схемаларын егжей-тегжейлі қарастырды. Жедел ден қою, күдікті қаржы операцияларын уақтылы бұғаттау, ұрланған қаражатты қайтару, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен қаржы институттары арасында тиімді ақпарат алмасуды жолға қою мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қосымша пысықтауды қажет ететін өзара іс-қимылдағы бар күрделіліктер бөлек талқыланды. Тиімділікті арттыру шараларының бірі ретінде деректермен жылдам алмасу үшін танымал мессенджерлерде мамандандырылған чаттар мен топтар құру ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, қосымша алдын алу шараларын іске асыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруға келісті.