Ақмола полицейлері зергерлік бұйымдарды сататын интернет-дүкеннің жалған аккаунтын құрған алаяқтың заңсыз әрекетін тоқтатты

Ақмола полицейлері зергерлік бұйымдарды сататын интернет-дүкеннің жалған аккаунтын құрған алаяқтың заңсыз әрекетін тоқтатты

Алаяқтық схеманың зардап шегушісі Целиноград ауданы Талапкер ауылының тұрғыны болды. Полиция бөліміне өтініш ағымдағы жылдың 16 наурызында келіп түсті. Жәбірленушінің айтуынша, бірнеше күн бұрын TikTok әлеуметтік желісінде ол зергерлік дүкеннің жарнамаларын көріп, ассортиментке қызығушылық танытып, менеджермен байланысқан.
Полицейлердің анықтамасы бойынша, аккаунт жалған болып шыққан: оны құрушы — Шымкент қаласының тұрғыны — ресми дүкеннің парағын толығымен көшіріп, басқа біреудің тауарын сату туралы хабарландырулар орналастырған.
Алаяқтық туралы еш күдігі болмаған өтініш беруші зергерлік бұйымдарды таңдап, көрсетілген шотқа 1,9 млн теңгеден астам ақша аударған. Осыдан кейін қаскүнем алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет етіп, Алматыға жеткізуді көрсете отырып, осы дүкенде тапсырысты ресімдеген. Осылайша ол зергерлік бұйымдарды жәбірленушінің есебінен сатып алып, қылмыстың іздерін жасыруға тырысқан.
Нәтижесінде өтініш беруші тауарды да, ақшаны да көрмеген. Зергерлік бұйымдарға ие болған күдікті олардың бір бөлігін сатып, бір бөлігін ломбардқа тапсырған.
Осы фактіге сәйкес "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Целиноград ауданының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ломбардқа тапсырылған әшекейлер тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер қаскөйдің әрекеттерінен еліміздің басқа да аймақтарының тұрғындары зардап шегуі мүмкін ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексереді.
Өз кезегінде ақмола тұрғыны Целиноград ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Дәурен Жанапияновқа және Әділхан Әлімбаевқа көрсеткен кәсібилігі, жеделдігі үшін алғысын білдірді.
Ақмола облысының полиция департаменті азаматтарды интернеттен тауар сатып алу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады: шоттардың түпнұсқалығын тексеру, күмәнді шоттарға ақша аудармау және тексерілген интернет-дүкендердің қызметтерін пайдалану.