
Ауқымды диалог алаңы мемлекеттік органдардың, қоғамдық институттардың өкілдерін және студент жастарды біріктірді. Қатысушылар қатарында-есірткімен байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі Республикалық Кеңес мүшелерінің делегациясы, сондай-ақ ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басшылары бар.
Ашық диалог форматы студенттерге пайдалы ақпаратты тыңдап қана қоймай, сұрақтар қоюға және өз пікірлерін айтуға мүмкіндік берді.
Кездесудің басты мақсаты - есірткімен байланысты құқық бұзушылықтың алдын алуда күш-жігерді біріктіру, есірткіге қарсы дүниетанымды қалыптастыру және жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру.
Форум аясында шақырылған сарапшылар мен спикерлер сөз сөйлеп, нашақорлық проблемасын талқылады. Қоғамдық пікір көшбасшылары, діни қызметкерлер, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының өкілдері де мәселе жөнінде пікірлерін білдірді.
"Зерделі ұрпақ" қоры әлеуметтік театрының жас әртістері жастарды есірткіге тәуелділікке тарту процесін және оның жойқын салдарын айқын көрсететін қойылымды назарға ұсынды.
Нашақорларды әлеуметтік-психикалық оңалту орталығы пациенттерінің сөйлеген сөздеріне ерекше назар аударылды. Тәуелділікке тап болған адамдар жеке тәжірибелері, қалыпқа келу жолының күрделілігі және уақтылы қолдаудың маңыздылығы туралы ашық және шынайы айтты. Абылай, Илья және Родионның әңгімелерінде іс-шараның басты мақсаты және болашақ өмірге әсер ететін дұрыс таңдаудың маңыздылығы айтылды. Олардың әрқайсысы жас кезден есірткі қолданған және кез-келген уақытта тоқтай аламын деп сенген. Бірақ есірткіге тәуелділік олардың болашағына ғана емес, туыстарына, отбасына, балаларына да әсер етті. Бүгінгі таңда бұрынғы нашақорлар емдеудің қиын кезеңінен өтіп, жас ұрпаққа есірткіні алғаш рет қолданып көрудің қауіптілігі туралы ескертеді.
Форум қорытындысы бойынша қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруға дайын екендіктерін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу қоғамның есірткіге қарсы ұстанымын қалыптастыруға және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.