
Ақмола облысының киберполицейлері ірі интернет-алаяқтықты тергеп жатыр. Алаяқтардың зардап шегушісі қаланың жоғары оқу орындарының бірінің оқытушысы.
Полицияға арыз 19 ақпанда келіп түсті. Жәбірленушінің айтуынша, айдың басында оған өзін оқу орнының заңгері етіп таныстырған белгісіз адам қоңырау шалып, оның жеке ісіне күштік органдарының қызметкерлері қызығушылық танытып, жақын арада онымен байланысатынын айтқан.
Біраз уақыттан кейін әйелге "жалған қызметкерлердің" жалпы схемасы бойынша әрекет ететін белгісіз адамдардан қоңыраулар түсе бастаған. Қаскөйлер тексеру және "қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" сылтауымен одан нұсқауларды қатаң сақтауды және бұл жайында ешкімге тіс жармауды сұраған.
Келіп түскен ақпаратты тексермеген мұғалім екі банкте несие ресімдеп, алтын бұйымдарын ломбардқа тапсырған. Ақшаны белгісіз шоттарға аударған. Залалдың жалпы сомасы 7,6 миллион теңгеден асты.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта киберполицейлер жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізуде.
Құқық қорғау органдары банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері несие беруді немесе ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейтінін еске салады. "Заңгерлерден", "қауіпсіздік қызметкерлерінен" немесе "қауіпсіздік қызметінен" қоңырау шалынған кезде сөйлесуді доғарып, ешбір жағдайда SMS-тен кодтарды, банк карталарының деректемелерін және жеке куәліктердің деректерін хабарламаңыздар.
Есіңізде болсын, егер қоңырау шалушылар әңгімені құпия ұстауды сұраса, бұл алаяқтықтың басты белгілерінің бірі.