
Степногорск қаласында алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде, оның жәбірленушісі 31 жастағы жергілікті тұрғын болды. Ер адам қаскөйлердің қысымымен 500 мың теңге көлемінде несие ресімдеп, ақшаны белгісіз шотқа аударған.
Жәбірленушінің айтуынша, бәрі телефон қоңырауынан басталған. Белгісіздер өздерін курьерлік қызметтің қызметкерлері ретінде таныстырып, SMS-хабарламадан алты таңбалы кодты айтуды сұраған. Еш күдігі болмаған ер адам кодты айтып, алаяқтарға өз деректеріне қол жеткізуге мүмкіндік берген.
Небәрі 10 минуттан кейін оған тағы да қоңырау шалынған, бұл жолы қаскүнемдер өздерін ХҚКО, одан кейін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушіні оның атына банктер мен микроқаржы ұйымдарында несиелер ресімделгеніне сендірген.
Екі күн бойы ер адам психологиялық қысымда болған. Алаяқтар оған жалған анықтамалар мен скриншоттар жіберіп, туыстары мен таныстарынан қарыз алуды талап еткен, сондай-ақ ломбардқа салуға болатын алтын бұйымдарға қызығушылық танытқан. Сонымен қатар, қаскөйлер күштік органдардың қудалауымен қорқытқан.
Психологиялық қысым нәтижесінде Степногорск тұрғыны 500 мың теңге сомасында несие ресімдеп, қаражатты күдіктілер көрсеткен шоттарға аударған.
Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін қылмыстық іс қозғалды. Бастапқы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында шотына ұрланған қаражат түскен дроппердің жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда.
Полицейлер азаматтарға белгісіз адамдардан қоңыраулар келіп түскен кезде сақ болуды, ешқандай жағдайда бөгде адамдарға СМС-хабарламалардан кодтарды айтпауды тағы да ескертеді.