
Ақмола облысында полиция қызметкерлері алаяқтықты жедел ашып, өңір тұрғынына 950 мың теңгені қайтаруға көмектесті. Ерейментау ауданының полицейлерінің атына алғыс сөздері 5 ақпанда полиция департаментіне келіп түсті. Өтініштің авторы-Ракия Ыдырысова полицияның жедел капитаны Әлия Тәшімоваға және аудандық бөлімнің барлық ұжымына қысқа мерзімде әділдікті орнатуға мүмкіндік берген кәсібилігі, ұқыптылығы мен жедел әрекеттері үшін алғысын білдірді. Белгілі болғандай, қаңтар айының соңында әйелге танысынан шұғыл қарызға ақша бере тұру туралы хабарлама келген. Ақмола тұрғыны банктік шоттың депозитінде жатқан бір миллион теңгеге жуық ақшаны аударған. Алайда, біраз уақыттан кейін таныстың аккаунты бұзылып, алаяқтар хабарлама жібергені белгілі болды. Қылмыстық схеманың құрбаны болғанын түсінген әйел бірден полицияға жүгінді. Тергеу полиция жедел капитаны Әлия Тәшімоваға тапсырылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкері ақша аударылған банктік шоттың иесін анықтады. Ол Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты. Полиция қызметкері дереу ер адаммен байланысып, оған жағдайды түсіндіріп, ұрланған қаражатты аударуға және қолма — қол ақшаға айналдыруға байланысты заңсыз қаржылық операцияларға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертті. Әңгімеден кейін ер адам Ерейментау ауданының полиция бөліміне келіп, шотына ақша түскенін растады. Жағдайдың құқықтық салдарын түсінген ол келтірілген залалды өз еркімен толық көлемде өтеді. Ақшалай қаражат заңды иесіне қайтарылды. Өз хабарламасында Ракия Ыдырысова полиция қызметкерлерінің үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында қомақты соманы қайтарып алғанын атап өтті. "Сізде осындай білікті мамандардың барына көп рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін", - деп жазды әйел. Полиция департаменті азаматтарға ақша аудару туралы өтініштер түскен кезде, тіпті олар таныстарынан немесе туыстарынан келген болса да, қырағы болу керектігін еске салады. Мұндай жағдайларда адаммен тікелей байланысып, ақпаратты бірнеше мәрте тексеріп, ал күмән туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу ұсынылады.