Ақмола облысында қызметтік ит ұрлықтың бетін ашуға көмектесті

Ақмола облысында қызметтік ит ұрлықтың бетін ашуға көмектесті

Ақмола облысында полицейлер қызметтік иттің көмегімен ұялы телефонды ұрлаған күдіктінің ізіне шықты.
2026 жылдың 25 қаңтарында полиция бөліміне ұрлық жасалғаны туралы шағым түсті. Белгісіз біреу еркін қол жеткізу арқылы жер үйден Honor Х7c маркалы ұялы телефонды ұрлап әкеткен. Келтірілген залал сомасы 120 мың теңгені құрады, бұл жәбірленуші үшін қомақты қаражат болып табылады.
Бұл факт бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында кинологиялық қызмет жұмысқа тартылды. Боран есімді қызметтік ит ізді алып, полицейлерді жақын маңдағы көп қабатты тұрғын үйлердің біріне алып келді, алайда осы жерде із жоғалды.
Жедел қызметкерлер жұмысты одан әрі жалғастырды. Тексеру барысында бірнеше күн бұрын жәбірленуші дәл осы үйде тұратын досымен алкоголь өнімін ішкені анықталды. Әңгіме барысында ер адам отырыс кезінде біреудің телефонын қалтасына салғанын мойындады, бірақ кейін бұл сәтті есіне түсіре алмады. Ұрланған телефон тәркіленді.
Айта кету керек, қызметтік иттер қылмыстарды ашуда маңызды рөл атқарады. Мәселен, өткен жылы қызметтік-іздестіру иттерін қолдана отырып, 324 қылмыстың беті ашылды, ал ағымдағы жылдың басынан бастап – 17 қылмыс ашылды.