
Ақмола облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Аршалы ауданының полиция бөлімінің жедел қызметкерлерімен бірлесіп, облыс прокуратурасының үйлестіруімен елді мекендердің бірінде есірткі құралдары мен тіркелмеген қарудың ірі партиясын заңсыз сақтау фактісін анықтады.
Күдіктінің тұрғылықты жеріне санкцияланған тінту жүргізу барысында, полицейлер жалпы салмағы шамамен 2,5 килограмм болатын марихуана деп есептелетін өсімдік тектес зат салынған қорапты тәркіледі. Алынған заттың нақты салмағы мен химиялық құрамы сот-химиялық сараптаманың нәтижелері бойынша анықталатын болады.
Сонымен қатар, үйде тіркелмеген атыс қаруының екі бірлігі табылды және тәркіленді: "ТОЗ-16" ұсақ калибрлі шолақ карабин, "ИЖ-43" қос ұңғылы аңшылық мылтық, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 160 патрон.
Есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, тіркелмеген қаруды сақтау фактісі бойынша тексеріс жүргізіледі: полицейлер қарудың қайдан алынғанын, сондай-ақ оны сақтау мақсатын анықтайды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды, болған оқиғаның барлық мән-жайлары анықталады.
Полиция қызметкерлері тіркелмеген атыс қаруын сақтау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ішкі істер органдары есірткі мен қарудың заңсыз айналымы арналарын анықтауға және жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді.
Полицейлер азаматтарды қырағы болуға және құқық қорғау органдарына қару-жарақ, оқ-дәрілер мен есірткі заттарын заңсыз сақтау фактілері туралы хабарлауға шақырады.
Сонымен қатар, полицейлер тіркелмеген қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын атап өтті.