Бурабай курорттық аймағында патрульдік полиция қызметкерлері үш адамның өмірін сақтап қалды

Бурабай курорттық аймағында патрульдік полиция қызметкерлері үш адамның өмірін сақтап қалды

2025 жылдың 24 қазанында Бурабай ауданының патрульдік полиция қызметкерлері «Щучинск - Бурабай» тасжолында болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды. Олардың жедел әрі шешімді әрекеттерінің арқасында жүргізуші мен екі жолаушының өмірі аман қалды.
Патрульдік полиция ротасының аға лейтенанты Бауыржан Ғалымов пен лейтенант Аян Қанғожин қызметтік кезекшілікте жүрген кезде жүргізушінің көлікті басқарудағы оғаш қылықтарын байқайды. Автокөлік жылдамдықты баяулатып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, кейін жолдағы шекараға соғылған. Полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы сұрауына жүргізуші жауап қатпаған.
Жағдайды жылдам бағамдаған полицейлер дереу әрекет етуге шешім қабылдайды. Олар көлікті озып өтіп, қарсы бағыттағы қозғалысты тоқтатады. Лейтенант Аян Қанғожин көлікті қауіпсіз түрде тоқтатып, ықтимал жол-көлік оқиғасының алдын алды.
Көліктің ішінде 60 жастағы ер адам мен екі кәмелетке толмағандар болған. Кейін белгілі болғандай, жүргізуші өзін кенеттен жайсыз сезінген - басы айналып, хал-жағдайы күрт нашарлаған.
Полиция қызметкерлері бірден 103 желісі арқылы жедел жәрдем қызметімен байланысып, дәрігерлердің нұсқаулығымен ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жедел жәрдем келген соң, ер адам ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын инсульт алды деп анықтап, полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті ауыр зардаптардың алдын алғанын атап өтті.
Кейіннен ер адам өз өмірін сақтап қалған тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
«Бурабай ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері полицияның аға лейтенанты Бауыржан Ғалымов пен лейтенант Аян Қанғожинге кәсіби шеберліктері мен батыл әрекеттері, сондай-ақ бейжай қарамағаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - деді 60 жастағы тұрғын аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Биляловқа жолдаған алғыс сөздерінде.
Полиция бөлімінің басшылығы да қызметкерлерінің кәсіби дайындығы мен адалдығын жоғары бағалады.
«Аға лейтенант Бауыржан Ғалымов пен лейтенант Аян Қанғожинге көрсеткен батылдығы, ұқыптылығы және жоғары кәсібилігі үшін алғыс айтамын. Сіздің жедел әрекетіңіз адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді», -деп атап өтті Бурабай ауданы полиция бөлімінің бастығы Арман Билялов.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің үйлесімді және жедел әрекетінің арқасында үш адамның өмірі аман қалды.